1945 жылдың 18 маусымында Жамбыл облысының Талас ауданындағы Көмекші ауылында (кейін Аққұмға қосылған) дүниеге келген. Жазушы, драматург, публицист.

«Аққұм» жеті жылдық, Бостандық ауылындағы «Алғабас» орта мектебін бітірген (1961ж.), Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-і филология факультетінің 1968 жылғы түлегі. Қазақ телестудиясының коментаторы (1968-70), Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі (1970-1976, 1999-2004), бас редакторының орынбасары (2004-2008), Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық Комитетінің нұсқаушысы (1976-1980), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі (1980-1991), телерадио компаниясының төрағасы (1991-1996), «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман (1997-1998), «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы (2006-2008), облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы ақпараттық талдау орталығының бөлім меңгерушісі (2008-2015) қызметтерін атқарған. 2004-2008 жылдары «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында қосымша қызмет атқарды.
Елен Әлімжан облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ақын-жыршылар одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі ретінде 1980-90 жылдары облыста көптеген жас айтыс ақындарының қаулап өсіп шығуына тәлімдік көрсетті.
«Жамбыл-Тараз» телерадиосы арқылы екі жыл бойы (2013-2015) қазақ халқының тарихын әңгімелеп берді. Еліміздің тәуелсіздігі және 25 жылда қол жеткен табыстары туралы түрлі аудиторияларда тұрақты лекциялар оқып тұрады.
Тұңғыш «Ән сыры» атты әңгімесі Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» (1964) атты жинағында жарық көрген. «Оралу» (1978), «Көріпкел» (2000), «Ақ періште – арманым» (2016) әңгімелер мен хикаяттар, «Тақталас» (2006), «Толық адам туралы» (2005), «Бауыржанның пырағы» (2010), «Адамгершіліктің ақ жолы» (2013) атты пьесалар мен публицистикалар жинағының, «Анажар» (2019) романының авторы.
Елен Әлімжанның пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында және бірсыпыра облыстық театрларда, халық театрларында қойылып келеді. «Тақталас», «Бір қазаққа бір қатын?!…» комедиялары орыс тіліне аударылып, Жамбыл облыстық орыс драма театрында, «Жанұран» комедиясы қырғыз тіліне аударылып, Қырғыз телерадиокорпорациясының «Учур» театрында қойылды. «Айт күні» атты әңгімесі Анкарада жарық көрген түрік халықтары әдебиеті антологиясының қазақ әдебиеті томына енген. Жазушының «Бауыржан Момышұлы» атты драмасы осы тұлғаның 100 жылдығына арналған республикалық драмалық шығармалар конкурсында бірінші орын алса (2010), «Әйелдер бір істі бастады…» атты комедиясы Мәдениет министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының комедия номинациясы бойынша екінші жүлдегері (2014) болып танылды. «Ақ періште- арманым!» атты драмасы Мәдениет министрлігінің грантына ие болған.

Кеңестер Одағының үш медалімен және Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы».Отбасы жайлы мәлімет:

Жазушының әкесі Әбдуат Әлімжанұлы (1910-1995) ескіше оқыған сауатының арқасында шағын ұжымшардың бастығы, Бостандық кеңшарында есепші қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Анасы Күлтан Серікбайқызы (1918-1998) ұжымшарда, кеңшарда әртүрлі жұмыс атқарған.
Жазушы жары Зейнегүл Ғалымқызы Нұртаева (2015 ж. қайтыс болды) екеуі 2 ұл, 2 қыз өсіріп, 13 немере, шөбере сүйіп отыр.