Абай (Ибраһим) Құнан­байұлы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.

1950 жылы Абайдың өмірбаяны атты  еңбек жазған Мұхтар Әуезов: Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Өскембай — Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты.
Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.
Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен, Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар деген сөз бар.

 

Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған.

 

Мысалы бір уақыт аулына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алғаны… сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.

 

Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

 

1850 жылы, 72 жасында Өскембай өледі. Зере байынан кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде бәрі Зерені кәрі әже дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

 

Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген.

 

Мұның орайына жас күніндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша: батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде ер, мықты найзагер болып та саналған.

 

Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болғанға ұқсайды. Қаттылығы әншейін ғана емес, әке, шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпты болған сияқты.

 

Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Сібір даласы 1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав бойынша өкірікке бөлініп, өкіріктік приказ билейтін болған. Өкіріктің бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі өкімет чиновнигі болады (елдің көбі мұны майыр дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.

 

Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, Құнанбай басының қасиетінен деп кеткен сияқты.

 

Сол кездегі атқа мінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай: қарадан хан болған деп аталады.

 

Құнанбай аға сұлтан болған уақытта, өз еліне старшындыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ мінезді, сыйымсыз адам болған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да басшы болып, ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген.

 

Майбасар қылығының салдарынан Жігітек деген ру бастығы Бөжей болып, Құнанбайға өкпелі болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай, әрі сырт елдерге атақты, әрі үмітке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып шыға берген. Сонымен алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады.

 

Бұл кезде Абай ержетіп, ел меңгеруге кіріскен еді. Әкесінің Жігітекпен алысқан, Тоқпамбет үстіндегі, Мұсақұл үстіндегі төбелестерінде баларақ болса да, ер жете бастаған сайын, әкесі мұны ел сөзіне, ел ісіне жұмсай бастайды. Осы Құнанбай ісінің жоғарыда айтылған көп уақиға, көп тартыстары және барлық сол заманның мінездері ақын Абайдың бала күнінен бастап нық байланыса өскен ортасы еді.

 

Көп басты адамынан айырылған Жігітек талай заманға шейін көзге қамшы тигендей болып қалады.

 

 

Абай елді меңгеріп алған кезде, Құнанбай біртіндеп кеп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң 8-9 жылдан кейін қайтыс болады.

 

 

Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі — Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен қатыны қыздай алған — Күнке. Бұдан туған бал асы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалындық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Атадан алтау, анадан төртеу дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

 

Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен.

 

Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға Телқара деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен Телқара дейді екен.

 

Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары легенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: ойбай, Шаншар келе жатыр! деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді.

 

Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен, бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Европа, Американың Чарли Чаплины, Бестер Китоны сияқты. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады.

 

Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай — балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы — өзгемен бірге көп қатынды семьяның зәрін татып өскендігін де сездіреді.

 

Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан.

 

Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: жазыла, жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас деп айтты деген сөз, екінің бірі білетін мәтел сөз сияқты болып кеткен.

 

Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын жалынды жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Бұл екі ортасын дәл кесіп-пішіп айыру, ұзақ тексеруді керек қылатын шығар. Бірақ біздің ұғынуымызша соңғы түрі көп сияқты.

 

Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің! депті. Ұлжан соған: Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па, — дейді. Абай: Ә, онысы тағы бар ма еді! — деп қуанады екен.

 

Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек өзіне ғана хас, ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді қолға түскен азын-аулақ мағлұматтар бойынша Абайдың өз басының өміріне келейік.

 

Абай жоғарыда айтылғандай екі шешенің тел баласы болып жүрген, кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері, үйге қонған қонақтың әлде қалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес аңқау болғандықтан, өз шешесінің аулындағы үлкендері: Құнанбайдың бұл баласынан да Күнкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек.

 

Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда: түрік оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болу керек.

 

Кітаптар

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ

АДАМЗАТ – БҮГІН АДАМ, ЕРТЕҢ – ТОПЫРАҚ

МӘКЕН ҚЫЗДЫҢ ДАУЫ (ПЬЕСА)

Абайдың қара сөздері 1-45 ● ТОЛЫҚ ЖИНАҚ ●